.

Главная » 2012 » Август » 9 » Білім гранттары кімдерге үлестіріледі?
23:16
Білім гранттары кімдерге үлестіріледі?
Білім гранттары кімдерге үлестіріледі? | Жаңалықтар | «Baq.kz» Ақпараттық портал

 Сонымен, биылғы жылы құрамына ҚР Білім және ғылым министрлігінің, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, білім қызметкерлері кәсіподағының төрайымы енгізілген комиссия өз жұмысын бастап кетті. Мақсаты 34 315 грантты талапкерлерге үлестіру. Еліміздегі еңбек нарығын ескерген министрлік биылғы жылы техникалық ғылымдар мен технологияларға 12 мыңға жақын орын, педагогикалық мамандықтарға 6600-ден астам орын, ауыл шаруашылығы мен ветеринарлық ғылымдарға 2630 орын бөлгенді жөн көрген. Жасыратыны жоқ бұл мамандық иелеріне қоғамда қанша сұраныс болғанымен оған қарай талап етушілер аз. Өткен жылы республикамызда педагогикалық және ветеринарлық мамандардың жетіспеушілігі анық байқалды. Бұл мамандардың еңбек нарығындағы жастары қартая бастаған. Сондықтан ұстаздар мен ауылшаруашылығы мамандары зейнетке шықса да қызметін жалғастырып келеді. Педагогикалық мамандықтардың ішінде алғашқы әскери даярлық, математика, денешынықтыру, химия пәндерінің мұғалімдеріне сұраныс өте жоғары деңгейде. Техникалық ғылымдарға қаншама гранттар бөлінгенімен ұмтылыс аз. Талапкерлердің көбі экономикалық, заңгерлік мамандықтарға ие болғысы келеді. Ақылы, ақысыз түрде осы мамандықтарды бітіріп шыққан жоғары оқу орын түлектері еңбек нарығында дағдарыс туғызады. Оның салдары жұмыссыздыққа әкеліп соқтыратыны белгілі. Осыған қарамастан биылғы жылдың түлектері де экономика және құқық мамандықтарына сұраныстың деңгейін түсірмеген. Бір қуанарлығы, бұл мамандықтардың қатарына биотехнология, Радиотехника, Электроника және телекоммуникациялар, Стандарттау, сертификаттау және метрология, Ақпараттық жүйелер, Автоматтандыру және басқару, Аударма ісі, Халықаралық қатынастар тәрізді мамандықтар енген. Елдің еңбек ресурсында сұранысқа ие бұл мамандықтарды бітіріп шыққан түлектердің болашақта жұмыспен қамтамасыз етілуіне кепілдік бар. Себебі, телекоммуникация мен радиотехника саласының қызметін тұтынушылар артқан сайын, осы салада қызмет ететін мамандарға да сұраныстың артатыны заңдылық. 68 мыңға таяу түлек бүгінде 34 мыңнан сәл асатын орынға үмітті. Яғни бір орынға екі үміткер. Бағы жанған 34 мың түлекті еліміздің 80 жоғары оқу орны есігін айқара ашып күтеді. Қалғандарына оқу орындарында ақылы түрде оқуға ешкім шек қоймайды. Былтырғы жылы қазақ және орыс тілінде мектеп бітірген түлектердің арасында оқуға түсу баллдарының айырмашылықтарынан ақысыз оқу құқығына ие болу басымдылығы жөнінде сөз болғанымен, биыл бұл санайғақ өзгерген жоқ. Яғни, мектеп бітірушілердің 71% қазақ тілді оқу грантына, ал 29% орыс тілді оқу гранттарына ие болады.Бір мамандыққа тапсырған талапкер қазақ тілінде жоғары баллмен түсе алмай қалып жатса, орыс тіліне тапсырғандар одан әлде қайда төмен көрсеткіштермен ақысыз оқуға түсу мүмкіндіктеріне ие болуда. Сол себептен де мемлекеттік тілде білім алғаннан гөрі, орыс тілінде болсын грант иесі атану үшін құжаттарын сол бөлімге тапсырушылар да табылуда.
Білім гранттарының 500-і биылғы жылы сырттай оқуға бөлінген екен. Басым бөлігі педагогикалық мамандықтарға берілген. Бұл ауылдық жерлердегі мектептердің мамандарға сұранысын қанағаттандырып келе жатқан өзінше бір әдіс. Бірақ, бұл әдістің қаншалықты нәтижелі екенін уақыт көрсетеді. Мектептегі партадан тұра сала, тақтаға иелікті ұстатудан ұтатынымыз шамалы. Қай сала болмасын теория мен практика қатар жүріп, еңбек өнімділігін арттыруды қажет етеді. Сырттай оқытып, нарықты қаншалықты сапалы мамандармен қамтамасыз етіп жатқанымыз туралы ресми дерек жоқ. Белгілісі, «ң» мен «н» әріпін айыра алмайтын филологтарымыз, ел тарихының кезеңдерін сипаттай алмайтын тарихшыларымыз, ағылшын тілі пәнін кітапқа қарап ғана түсінетін мұғалімдеріміз бар. Әйтеуір сол мамандарымыз кейіннен ел қатарына қосылып кетіп жатады. Қосылмай тұрып қаншама шәкірттің алтын уақытын алып, ата-ананың үмітін алдады десеңізші. Болашақта сырттай оқу тәртібінде қатаңдатып, бір ретке келтіргеніміз жөн болар. Оның үстіне бұл мамандықтарды саңырауқұлақтай қаптаған филиалдар оқытып жатқаны көңілге шынымен де күдік туғызады. Бұл да уақыт еншісінде шешілетін мәселе. Әзірге министрліктің саңырауқұлақтарды жинауға кіріскені көңілге қуаныш ұялатады.
Хош, сонымен дәл қазір 68 мың түлектің назары Астанада. Бәрі де үмітті. Арасында өзіне нық сенімділері бар. Олардың қатарына жоғары балл жинағандар, 279 халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпаздары, 315 Назарбаев зияткерлік мектебінің түлектері, 578 халықаралық және республикалық ғылыми жоба жеңімпаздары кіреді. Ал, 470 жетім бала мен 320 мүгедек түлектің де бағын осы 34мың грант анықтайды. Бұл санатқа ерекше жеңілдіктер де қарастырылған. Яғни, грантқа өту кезінде басым құқық беріледі. Білім және ғылым министрлігі қамқорлықтың мұндай түрін жасауда қалыс қалған емес. Тағдырынан теперіш көрген бұл жасөспірімдердің тілегін ел болып тілейтініміз анық.
15 тамыз, сәрсенбі күні қорытындысы белгілі болатын комиссия отырысында біреудің бағы, енді біреуінің бабы шауып бәйгеден озады. Тілегі орындалған түлектің мамандығының майын ішкен, мамандық майталаманы болуына бүкіл қоғам мүдделі.

Серік РАХМЕТОВ

Категория: Ұбт жаңалықтары | Просмотров: 1130 | Добавил: ent | Рейтинг: 1.0/1
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: